Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Құрылыс саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту департаменті туралы

ЕРЕЖЕ

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Құрылыс саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық  актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Департаменттің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысы  бекітеді.

4. Департамент:

1) Құрылыс саласын дамыту басқармасынан;

2) Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту басқармасынан тұрады.

 

 

2. Департаменттің негізгі мақсаттары, функциялары, құқықтары мен міндеттері

 

5. Міндеті: сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі  саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу

Функциялары:

1) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу және Қазақстан Республикасы Үкіметіне енгізу;

2) Департамент құзыреті шегінде консультативтік-кеңес органдарының қызметін қамтамасыз ету;

3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізу және өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу;

4) реттелетін салада өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу;

5) сәулет, қала құрылысы, құрылыс, құрылыс индустриясының өндірістік базасын дамыту саласындағы жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асыру;

6) республикалық маңызы бар қаланың, сондай-ақ халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын өзге де қалалар шекараларының (шектерінің) жобаларын келісу;

7) ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысын регламенттеуді талап ететін жеке құрылыс объектілерін айқындау бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізу;

8) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын қызметін нормативтік-техникалық және әдіснамалық қамтамасыз ету;

9) орталық және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректер қорына енгізу үшін ақпарат және (немесе) мәліметтер ұсыну мәселелері бойынша іс-қимылдарын үйлестіру;

10) сәулет, қала құрылысы мен құрылыс қызметі саласында  ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-сынақтық жұмыстар жүргізуді ұйымдастыру және оның нәтижелерін пайдалану.

6. Міндеті: елді мекендер шегінде тұрғын үй қатынастары, коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қалдықтармен (қатты-тұрмыстық қалдықтарды қоспағанда) жұмыс істеу, сумен жабдықтау және су бұру, жылумен жабдықтау (орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын жылу электр орталықтары мен қазандықтардан басқа) салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу.

Функциялары:

1) тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу;

2) тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызметтер көрсететін ұйымдарға басқарудың қазіргі заманғы әдістерін енгізуді әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

3) елді мекендер шегінде су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асыру;

4) елді мекендер шегінде сумен жабдықтау және су бұру саласында әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

5) реттелетін салада өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу.

7. Міндеті: Өз құзыреті шегінде Министрлікке жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

Функциялары:

1)  орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ жетекшілік ететін салалар бойынша Министрліктің құрылымдық  бөлімшелеріне консультациялық көмек көрсетеді;

2) Қауіпсіздік кеңесінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінде және Парламентінде, өзге де мемлекеттік органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда және бірлестіктерде өткізілетін іс-шараларда басшылықтың сөз сөйлеуі үшін Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша баяндамалардың жобаларын, материалдарды дайындауды жүзеге асырады;

3) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеуге, түзетуге, мониторингілеуге және іске асырылуын бағалауға қатысады;

4) қажет болған жағдайда, Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізілуін ұйымдастыруға қатысады;

5) Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық  қаржылық және экономикалық ұйымдармен, донор елдермен өзара іс-қимыл жасау бойынша ұсыныстар әзірлейді;

6) қажет болған жағдайда, Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпараттық жүйелерді жетілдіруге қатысады;

7) кіріс және шығыс ақпараттар бойынша материалдар мен қорытындыларды уақтылы дайындауды жүзеге асырады;

8) Департамент құзыреті шегінде нормативтік құжаттарды консультациялық-әдіснамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;

9) Министрліктің стратегиялық және операциялық жоспарларын әзірлеуге, түзетуге және іске асыруға қатысады;

10) Департамент мамандарының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеуге және жүргізуге қатысады;

11) құжаттарды есепке алуды және сақтауды, олардың Министрлік мұрағатына сақтауға берілгенге дейінгі жай-күйі мен сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

12) Департамент құзыреті шегінде Министрлік қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында және Министрліктің интернет-ресурсында жариялайды.

          8. Департаменттің құқықтары мен міндеттемелері:

8.1. Департамент:

Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Министрлік басшылығының Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тапсырмаларын орындау үшін Министрліктің басқа бөлімшелерінен қажетті қорытындылар мен Департаментке жүктелген функцияларды орындау үшін қажетті басқа да құжаттарды, анықтамалар мен материалдарды алуға;

мемлекеттік органдардан, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, орталық және жергілікті атқарушы органдардан, сондай-ақ өзге де мүдделі ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада белгіленген тәртіпте өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыруға қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;

Министрліктің басқа да құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың келісімімен Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларға сәйкес материалдарды дайындау үшін мамандарды тартуға;

Департамент міндеттерін орындауды, оның қызметін ұйымдастыру бойынша Министрлік басшылығына ұсыныстармен шығу және осы ұсыныстардың қаралуы туралы ақпарат алуға;

техникалық көмекті және шетелдік ұйымдармен ынтымақтастықты қоса алғанда, қолданыстағы жүйелер мен нысандар арқылы Департамент қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды жүзеге асыруға;

Департаменттің құзыреті шегінде мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Министрліктің (басшылықтың тапсырмасы бойынша) мүддесін білдіруге құқылы.

8.2. Департаменттің міндеттемелеріне:

Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелер беру;

Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасау кезінде консультативтік-кеңес органдарында немесе басқа да тиісті қызметтік көмек көрсету қажет болған жағдайда, Департамент қызметкерін (-лерін) жіберу;

 Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен мемлекеттік органдар ресми сұрау салса, өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамалар ұсыну кіреді.

           

 

3. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

 

9. Департамент Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес өзінің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерді иеленеді.

10. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын директор басқарады.

11. Департамент директоры Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және  Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.

12. Департамент директоры Министрліктің басшылығына Департаменттің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар береді.

13. Департамент директоры осы мақсатта:

1) Департаменттің құрамына кіретін Басқармалар басшыларының, өзінің орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

2) Департаменттің құрамына кіретін  Басқармалар туралы ережелерді бекітеді;

3) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президенті актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

14. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Департамент директорының орынбасары болады.

15. Департамент директорының орынбасары:

  1. өз өкілеттігі  шегінде Департаменттің қызметін үйлестіреді;
  2. Департамент Директоры болмаған кезеңде Департаменттің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Департаментке жүктелген міндеттерді орындауға және оның өз функцияларын жүзеге асыруға жеке жауапты болады;
  3. Департамент Директоры жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

16. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департаменттің атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды.

17. Департамент директоры, оның орынбасалары және Департаменттің басқарма басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға міндетті және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауға дербес жауапты болады.

18. Департамент қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттемелері белгіленген тәртіппен бекітілетін лауазымдық нұсқаулықтармен айқындалады.

© 2019

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Құрылыс саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту департаменті